Қазақстандағы әйел теңдігі батыстағыдай болуы керек пе?

Капиталистік Батыстың қазіргі табынатын нәрсесі – ақша. Сондықтан болар, бүгінгі таңда ер демей, әйел демей қоғамдық жұмыс түрлеріне, әсіресе, саяси салаға қызығушылық басым. Соңғы жылдары осындай жайт біздің елде де жиі белең алып келеді. Батысқа еліктеп, билік тізгінін қолына ұстасам деп, жан ұшыра жанталасып жүрген нәзік жандылар бүгінде бізде де жетерлік. Бұрындары сөз қолданысымызда мүлдем болмаған «гендерлік теңдік» терминін жиі қолданатынымыз соншалық, аталмыш сөзге құлағымыздың еті өліп кеткені қашан?! Алайда, бұл әрекетіміз қоғам үшін қаншалықты пайдалы? Түптеп келгенде, қазақ менталитетіне қазақ қыздарының отбасын шетке ысырып қойып, ерлермен бірге мансап қуып, билікке араласуы, нақтырақ айтсақ, жағаласуы дұрыс па? Меніңше, қазақ қоғамындағы әйел теңдігі батыстағыдай болуы керек деген мүлдем дұрыс емес.

Әр ұлттың өз менталитеті бар! Шығыс халқы үшін әйел – ең бірінші Ана, отбасының ұйытқысы. Ал, шын түйсіне білген адамға бұл деген – аса үлкен жауапкершілік! Өйткені, отбасы – шағын мемлекет. Шағын мемлекеттің ынтымағын ымдастыра аламай отырып, үлкен істе тау қопарып, тас көтерем деу, меніңше, құр әурешілік.

Екіншіден, ұлтқа шын жаны ашыған адам – ең әуелі оның болашағын ойлайды. Шын болашақ – ұрпақ жалғастығында.  Ал, билікке араласып, атақ қуған әйелдің баланы өмірге әкелуге де, оны тәрбиелеуге де мүлдем уақыты болмайды. Мысалы, Батыс елдерін алып қарайық. Дүниежүзілік статистикаға сүйенер болсақ, әлемнің ең қартайған елдерінің алдыңығы санатына да осы Еуропа елдері еніп отыр. Яғни,әлемдік статистикадан туу көрсеткіші Англия, Франция, Италия елдерінде тым төмен екендігін көруге болады. Бұл дегеніңіз экономикасы қарыштап дамып тұрған елдердің әлем алдындағы бүгінгі беделі қаншалықты күшті болғанымен, ертең мемлекет болашағына төнер қауіп  одан да зор болмақ деген сөз.

Үшіншіден, психологиялық тестер нәтижесі дипломатиялық қарым-қатынаста әйел адамға қарағанда, ер адамдардың эрудициялық та, логикалық та қабілетінің әлдеқайда жоғары болатындығын көрсетіп отыр. Сол себепті бизнесте нәзік жандылармен салыстырғанда азаматтардың жолы көбірек болып жатады. Бұл ойдан әйелдерді мүлдем қабілетсіз деген біржақты пікір де тумауы қажет. Харизмасы жоғары әйелдер біздің қоғамда да жетрлік. Тек түздің жұмысына моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да ер адам көбірек икемдірек болып келетіндігі көп жағдайда дәлеленіп келеді. Әрі қазақ менталитетінде әйел адам ер адамнан қашан да бір саты төмен тұруы керек деген халқымыздың бұлжымас қағидасы және бар. Әрине, ресми түрде мөр басылып, заң жүзінде бекітілмегенімен, рухани тұрғыдан қазақ отбасыларындағы өзара түсінік, терең үндестік те осы бір сыйласым тереңдігінде жатса керек.

Әйел – ең бірінші ана! Ал, аттың жалы мен түйенің қомынан түспей, үнемі түздің де, үйдің де шаруасын бір өзі шешіп үйренген әйелде қашанда эгоизм, жалған батырлық басым болып келеді. Алайда, бұл әйелдер үшін, менің ойымша, тіпті де жетістік емес. Керісінше, жанұясының жылуы, отбасының ұйытқсы бола біліп, қазақтың бірнеше азаматын адам етіп тәрбиелей білген жанның қадірі, ер-азаматтан артық болмаса, титтей де кем емес. Ер мен әйелдің арсындағы теңдік, міне, осы шекарамен өлшенсе – күллі адамзаттың жеңісі осы болмақ! Шын мәнінде әйел затының күштілігі, Шекспир шығармасының кейіпкері Катаринаның сөзімен айтсақ, олардың әлсіздігімен өлшенуі керек. Меніңше де, солай!!!

Махаббаттың мәңгілік жыры

 

Тұсауын кескелi берi үлкен аншлагпен өтiп жатқан классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды Шынарым» спектаклiнiң кезектi қойылымына көрермен ретiнде қатысқан ҚР Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзамен аз-кем сұхбеттасудың сәтi түскен болатын.
– Мұхтар Абрарұлы, бүгiнгi қойылымға министр ретiнде емес, қарапайым көрермен ретiндегi сiздiң пiкiрiңiздi бiлсек. Қойылымнан алған әсерiңiз қандай?
– Бұл өзi әдептен озбайтын, жүректен қозғайтын жастардың да, аға буынның да көңiлiнен шыққан сәттi қойылым болды. Театрдың репертуарынан ұзақ уақыт орын алатын тамаша туынды өмiрге келдi деп есептеймiн. Драма деген – бұл синтез. Осыны негiзге алсақ, аталмыш драмада хореографияның да, музыканың да, режиссердiң де, ар жағында тұрған автор Ш.Айтматовтың дүниелерiнiң барлығы қатарынан келтiрiлдi. Ешқайсысы ренжiмейдi деп ойлаймын. Шыңғыс ағамыздың аруағы риза болған шығар.
Жалпы, айтайын дегенiм, Тәкең (Талғат Теменов. – Н.Ж) келгеннен кейiн театрдың екiншi тынысы ашылды. Әсiресе, мына қыз-жiгiттер үшiн Талғат Теменовтың шеберлiк класынан өту деген сөз – олардың биографиясындағы алтын әрiптермен жазылатын кезең деп айтар едiм.
– Классик жазушының шығармасы сахналанып жатқаннан кейiн, әлбетте, қойылымның деңгейi төмен болмауға тиiс. Осы орайда, сiздiңше, классикалық туындылардың басты құдiреттiлiгi, артықшылығы неде?
– Қазiргi кезде әлемдегi классикалық туындылардың қай-қайсысына болмасын осы заманның талабына сай қайта қарау процесi жүрiп жатыр. Мәселен, М.П.Мусоргский дейтiн орыстың ұлы композиторы А.С.Пушкиннiң «Борис Годунов» атты атақты шығармасына кезiнде жаңа опера жазған болатын. Бұл – орыс драма театрының, орыс драматургиясының тарихынан алтын әрiппен орын алған шағарма. Мысалы, «Борис Годунов» қойылымының жаңа заманға лайықталған нұсқасында Борис Годунов патша үстiне осы заманның киiмiн, тыртысқан «джинси» шалбар киiп сахнаға шықты. Осыған орыс көрермендерiнiң көбiсi қарсы болды… Сонда бұл қалай болуы мүмкiн? Борис Годуновтың заманы қай заман, мынау қай заман?.. Я болмаса, Вердидiң «Навуходоносор» атты атақты туындысы бар. Навуходоносор деген Вавилондағы ең көне патшалардың бiрi. Сол «Набукконы» қойған кезде бас кейiпкер болмысын бүгiнгi күнге лайықтап, соған орай киiм үлгiлерiн дайындап, оны ХХ ғасырдан бiр-ақ алып шықты. Оған Еуропадан ешкiм қарсы бола қойған жоқ. Неге? Себебi, ол шығарманы өзiнше қояды, өзiнше түсiнедi. Ал, кез келген драмалық шығарма деген не? Драмалық шығарма деген басы бар, аяғы бар, қақтығысы бар, шиеленiсi бар дүние ғана емес, драмалық шығарма деген – ең алдымен образдар жүйесi. Ал, образдар жүйесiн әр заманның адамы өзiнше, өз заманының көзқарасымен көредi. Сондықтан негiзгi мәселе – сол шығарманы қоюда ғана емес, образдар жүйесiн автордың айтайын деп отырған ойымен үндестiрiп, бүгiнгi заман адамдарының танымына лайықтап сахналай бiлу шеберлiгiнде. Егер сол көне шығарма ХХI ғасырға дейiн жетiп, көрерменнiң рухани сұранысын қанағаттандыра алып жатса, ол туынды бүгiнге несiмен, нендей құдiретiмен жеттi? Әуелi, бiз соны түсiнiп, зерделеп алуымыз керек. Ойланып көрiңiзшi, әйтпесе неге бiз Эсхилдың трагедияларын әлi күнге дейiн қоямыз? Неге Софоклдың туындыларын iздеймiз? Антика дүниесi қайда, бiз қайда? Одан берi адамзаттың ақылы бұрын-соңды болмаған биiкке көтерiлiп кетпедi ме?! Алайда, бiз сол шығармалардың өн-бойынан өзiмiздi iздеймiз. Өзiмiздiң заманымызды iздеймiз. Сол өз заманымыздағы адамдардың қақтығысын iздеймiз. Сондықтан әр режиссер драмалық шығармаға өзiнше қарап, өзiнше интерпратация жасап, өзiнше түсiнiп, өзiнше қоюға қақысы бар. Бiрақ, ол бүгiнгi спектакльдегiдей автордың ойымен де, көрерменнiң ойымен де көп жағдайда үйлесiп жата бермейдi. Ал, қазiр ғана тамашалаған Ш.Айтматовтың туындысында дәл сондай үйлесiмдiлiк бар деп есептеймiн.
– Бiр сөзiңiзде психологиялық терең шығармалар қоюға ұсыныс айтқан болатынсыз. Бүгiнгi қойылым сондай туындылардың санатына ене ала ма?
– «Қызыл орамалды Шынарым» сол айтқан шығармалардың санатына мiндеттi түрде енедi. Неге десеңiз, спектальдiң өзi негiзiнен классикалық туындыға жазылып отыр. ХХ ғасырдағы махаббат жайындағы жазылған ең тамаша шығармалардың бiрi – осы Шыңғыс Айтматовтың қолынан шыққан туындылар десем қателеспеспiн. Оған дәлел, автордың негiзi күштi шығармаларының дүниежүзiнiң сахналарын шарлап кетуi. Ал оны бүгiнгi күннiң адамдары жаңа заманға қарай сөйлетiп отырса, одан көрермен өзiнiң iздегенiн тауып отырса, ол – автордың да, режиссердiң де ойы орындалғаны деп бiлемiн. Мысалы, кеше М.Лермонтов атындағы Орыс академиялық дарама театрында А.Чеховтың «Вишневый сад» деген шығармасын көрдiм. Бұл шығарма жапон елiнде өте керемет танымал. Жапонияның драма театрларының барлығы дерлiк А.Чеховтың аталмыш қойылымын қойып шықты. Неге? Өйткенi, «Вишневый сад», яғни «шие» деген сөз, жапон тiлiндегi сакураның баламасы. Сакураның шиеден негiзгi ерекшелiгi – ол жемiс бермейдi. Бiрақ, сакура – бүкiл жапондық менталитеттiң негiзi. Ол – Отан, ол – Ана, ол – тiл, ол – дiл, ол – жапонның мәдениетi. Сондықтан, жапондықтар үшiн шие бағының күйреуi – бұл руханияттың күйреуiмен, адамның жан дүниесiнiң күйреуiмен пара-пар деген ұғымды бiлдiредi. Демек, таза классикалық шығармада ұлттық шекара, уақыттық шекара, кеңiстiктiк шекара деген болмайды. Ол әр заманда да өмiр сүредi. Ал, «халтура» болса, ол жағадағы жаңқадай лақтырылып қалып қойып отырады. Классикалық шығарма, мiне, бүгiн өзiнiң көрерменiн де тапты, оқырманын да тапты. Және мынандай өте тамаша ұжымның арасында жастардың көзқарасымен сахналанып, оны бұл шығарма жазылған кезде тiптi дүниеге де келмеген адамдар ойнап отыр. Яғни, шығарма өмiршең болды деген сөз. Әркiм одан өзiнiң iздегенiн тапты деп айта аламын.
– Бүгiнгi өнер саласына қалам тартып жүргендердiң шеберлiгiн қалай бағалайсыз? Яғни, театрға қатысты айтылып жүрген сынға көңiлiңiз тола ма?

 
– Өте дұрыс сауал. Орыс журналистерi бiрдеңеге барардың алдында терең зерттейдi, салыстырады. Оның кино, театр нұсқалары қандай болды? Қай елдiң сахнасында қойылды? Әрi режиссер оған қалай келдi? – деген сынды сауалдарға әуелi жауап iздейдi. Содан кейiн барып қана пiкiр айтады. Ал, ендi бiздегiдей «ана бiр сюжетiн, не болмаса мына бiр кейiпкердiң сөзiн өзгертiп жiберiптi» дейтiн болсақ, ол жеңiл ғана айтылған пiкiр болады. Осы орайда, егер образдар жүйесiне жеңiл-желпi емес, терең бойлайтын болсаңыз, онда сiз кейiпкердiң де дүниесiне, режиссердiң де ойына үңiлесiз. Мысалы, Iлиястың рөлiн ойнаған кезде, әрине, ол дәл сол шығармадағыдай сахналанды деп айта алмаймыз. Қойылымға айналдырылғаннан кейiн көп өзгерiске ұшырайды. Ол заңды. Туындыдағы Iлияс пен қойылымдағы Iлиястың арасында жер мен көктей айырмашылық бар, әлбетте. Бiрақ, оларды бiрiктiретiн не? Махаббатқа деген құштарлық. Мысалы, «Жәмилә» шығармасын алайық. Ш. Айтматовтың өмiрiнiң соңғы сәттерiнде берген сұхбаттарының бiрiнде: «Мен Жәмиләнi жазған кезде, менiң отандастарым маған тас атқан», – дейдi. Қырғыз әдебиетiнiң классиктерi: «Ш.Айтматов бүкiл қырғыз әйелдерiнiң бетiне қара күйе жақты, ұлтымызға таңба түсiрдi, халқымызды бүкiл дүниежүзiне масқара жасады. Бұл – махаббат емес, махаббатқа жасалған қорлық, зорлық», – деп қарсы шыққан. Сол кезде екi классик М.Әуезов пен Л.Арагон: «Бұл – махаббат жайлы ХХ ғасырдағы ең ұлы шығарма» деп аса жоғары баға берген. Сондықтан бiз кейде анау «былай» деп айтты, мынау: «солай» дедi екен деп махаббат тақырыбын сонша қадiрсiздендiрiп жiберетiн дүниелерге баруға болмайды. Махаббат – ол жүректiң бұлқынысы. Ал, стандартты өмiр сүрiп, стандартты жұмысына келiп, жұмысынан кететiн адам еш уақытта ондай ұлы махаббатты тудыра алмайды. Ұлы махаббатты тудыру үшiн ұлы сезiм керек. Ол сезiм министрдiң бойында болмауы мүмкiн, қайта жаңағындай шопырдың, не болмаса қарапайым қойшының бойында болуы мүмкiн. Сондай ұлы сезiмдi сезiне алғандықтан да сол қойшы яки шопыр министрден, шенеунiктен мың есе бақытты деп есептер едiм. Оны түсiне бiлген журналист одан да бақытты болады.

СIЗДI ОЙЫМА АЛҒАНДА…

Аяулы, Оралхан аға!
Он жетi жыл… Өзiңiзсiз ақ қайыңдар он жетi рет бүр жарып, он жетi көктем Сiзсiз көктеп, Жер-Ананы шұғылалы шуағымен шомылдырған екен. Он жетi рет жыл құстары да өз жолымен Атамекенiне қайтып оралып, он жетi рет туған өлкесiн әуездi ән, шат-шадыман шаттыққа бөлептi. Иә, өз жолымен…
Оралмаған жалғыз Сiзсiз….

Әрдайым Сiздiң күнделiкке жазып қалдырған оралымды ойларыңызды парақтап отырып, мына бiр пiкiрiңiзден өзiмдi көргендей әсерде қаламын.
«…Менде нағыз дос жоқ, әрiптестер мен достар, жолдастар ғана барын кейiн бiлдiм. Сол секiлдi менде iшек-қарны араласқан, жалғыздығы мен жанымды түсiнетiн туыс жоғын да кеш сездiм…»
Иә, аға! Мен де кей кездерi жүрек түкпiрiндегi осындай бiр жауыз жалғыздықты сезiнемiн. Көңiлiм құлазып, жан дүнием дел-сал боп, өзiмдi бейне бiр қараңғы қапаста жападан жалғыз қалып қойғандай күй кешемiн. Сондай сәттерде жанымды сол бiр қараңғы қапастың iшiнен адастырмай алып шығатын жалғыз-ақ нұрлы сәулем бар. Оның қандай сәуле екендiгiн бiлесiз бе, Аға?! Ол – Сiздiң iшiңiздегi жанып тұрар жап-жарық шырақ деп айтар едiм. Ал, сiздiң iшiңiздегi дейтiнiм – ол Сiздiң қаламнан туған мұнтаздай мөлдiр әрi өмiрдiң өзiндей шынайы туындылардың өн бойынан Өзiңiздi көргендей әсерде қалатыным. Себебi, Сiздiң шығармаларыңыз – Сiздiң өзiңiз. Онда да адамның iшкi жан дүниесiнде болып жататын сан алуан психологиялық шиеленiстер, табиғатқа сүйiспеншiлiк, сұлулық iшкi көңiл-күй қайшылықтары, әсемдiкке құштарлық сезiмдерi нақ бiр өмiрдiң өзiндей нанымды суреттелетiндiгi. Ал жүрекпен жазған дүниенiң қашанда жүрекке жететiндiгi ақиқат қой. Сiздiң не жазсаңыз да қаныңызбен, жаныңызбен жарқырата, төгiлте жазатындығыңызды сүйем, Аға! Қай әңгiме, повесiңiздi оқымайын, таудан құлай аққан тасқынның арынындай iшкi жан дүниенiң қатпар-қатпарын қопарып кете алатын ерекше ақындық жүрекпен толғап, сол шабыт үстiнде қайталанбас суреттер салатындығыңызға куә боламын. Осы орайда замандасыңыз, белгiлi жазушы Д.Әшiмханұлы: «Орекең прозадағы импровизатор болатын. Қазақша айтсақ, суырыпсалма болатұғын. Ағылып-төгiлiп келiп жататұғын, шалқар шабыт болатұғын. Бiр жазғанын қайта қарауға да мүмкiншiлiгi болмайтын. Оны өзi де айтатын, “бiр-ақ рет жазамын” деп. Сол себептi де Оралханды салыстырсақ, тек таудан құлаған тасқынмен ғана салыстырамыз. Тасқын шөп-шаламды да,тасты да, басқа да жолында жатқан дүниелердi иiрiп, таудан құлап ағады ғой. Мiне, Оралханның жазуы да дәл осындай болатын», – деп тебiренедi.
Иә, Аға! Өмiрдiң бар қалтарысын нағыз суреткерге тән аса бiр қырағылықпен көре отырып, ойыңызды iрiкпей төгiп тастаған кезiңiзде көп шығармаңыздың табиғи шығып, оқырмандарыңыздың жүрегiне жетiп жататындығының бiрден-бiр себебi – осы шынайылықта жатса керек.
Тағы бiрде ҚазМУ-де өткен кездесу кезiнде бiр студенттiң: «Оралхан аға, сiздiң шығармаларыңызда бiз түсiнбейтiн, кейде бiзге оғаштау көрiнетiн жерлер бар, оған қалай қарайсыз?» – дегенде, «Дәл сол оғаштау жерде, дәл сол артықтау жерде Мен бармын. Ол жердi алып тастасаңдар, мен жоқпын» деген жауабыңыз жоғарыда айтқан ойымыздың бұлтартпас дәлелi. Сiздiң өзге жазушыларға қарағанда оқырман жүрегiне бiртабан жақын тұратындығыңыздың басты ерекшелiгi, себебi осы бiр табиғилығыңызда жатса керек.
Сұлулыққа маталып, әсемдiкке айналған әдемi әлемiңiзден тек қана мұнтаздай тазалық пен кiршiксiз мөлдiрлiктi көретiндеймiз. Сiздiң бар болмысыңыз, iшкi жан дүние табиғатыңыз қандай қылаусыз, мөлдiр болса, күллi шығармаларыңыздың өн бойынан да қардай аппақ кiршiксiз сөздiң ескен лебiнен кәусар демiңiздi сезiнiп, содан қуат аламыз.
«Сондықтан болар, Оралхан қалың қазақ естiмеген, тiптi, күллi адамзат баласы естiмеген дауысты естидi. Оны анау-мынау жер емес, Ұлы Алтайдың ақ кiреуке қары қасаттап тастаған тұмса табиғаты арасынан тыңдайды. Ол «Қар қызының» (повесть) дауысы…» (А.Алтай – Н.Ж).
Иә, «Қар қызын» оқи отырып, айналаны ақ көрпесiмен тұмшалаған аппақ қар мен сеңдей сiресiп, тұтаса қатқан суық дүниеге куә болдық. Тiзеден қар кешкен, жалаңаяқ, жалаңбас безектеген Қар қызымен дiрiлдеп тоңдық, ыстықтап ән де салдық. Сызылта салған мұңлы әнiн жүрегiмiзбен тыңдап мұңайдық, жылағымыз келдi. Көңiлiмiз толқып, жүрегiмiз мұңға толып отырса да, «Қар қызының» даусының, үнiнiң ғажаптығына тәнтi болдық…
Ендi бiрде «Құм мiнезi» повесiмен танысып, Мойынқұмның лезде өзгеретiн тосын тiршiлiк-тынысын, өкпек желi мен қызыл құмын көз алдымызға келтiрiп, сол бұйрат құмды өз аяғымызбен кешiп жүргендей әсерлендiк. Құмда да мiнез болатындығын: «құмның күлетiнiн, құмның сөйлейтiнiн, құмның жылайтынын, құмның толғанатынын, құмның ән айтатынын» бiлiп, таң қалдық. «Құм мiнезiн» оқып отырып, бiз де Шерхан ағамызша: «Мiне, жазу! Жазсаң – осылай жаз. Әйтпесе, кiнәсi жоқ ақ қағазды шимайлап былғама» – деп өзiмiзше тебiрендiк, өзiмiзше сүйсiндiк. Өкшеңiздi басып, iзiңiздi жалғап өсiп келе жатқан жазушыларға да, әдебиет әлемiне ендi-ендi қадам басып келе жатқан өзiмiзге де дәл Өзiңiздей, өр Алтайдың асқақтығындай биiк талап қойдық.
Сонымен қатар Жер-Анаға, туған өлкеге деген ыстық ықылас, шексiз сүйiспеншiлiк, терең махаббатты шығармаларыңыздағы әрбiр кейiпкердiң бар болмысынан, кеудесiнде бұлқынған жұдырықтай жүрегiнен сезiп, Отанымызды Сiз сүйгендей аппақ адалдықпен, риясыз көңiлмен сүюге, құрметтеуге, қастерлеуге, тәнтi болуға ұмтылдық. Дәл сiздей, Аға…
«Неге екенiн бiлмеймiн, туған жер табиғатының осынау мол суретi жаныма жыр болып құйылып, күй болып төгiлсе де көркiне бiр тоя алмадым, тоймаспын да. Сұлулық атаулының таралар көзi туған жерiм сияқты, жалт етiп келбетiне қараған сайын естен кетпес әсер, бойыңа нұрлы ләззат аласың. Ауасын құшырлана жұтып, шәрбат суын қомағайлана сiмiрсем де шөлiм қанып, көңiлiм тояттаған емес. Ұзағыраққа кете қалсаң аса iңкәрлiкпен қатты сағынады екенсiң, қайтып оралғанша дегбiрiң қалмайды. Туған жерiң дертiңе шипа, көңiлiңнiң көркi реуiштес. Расында да солай шығар!?» – деп тебiренсеңiз, тағы бiрде: «Мейлi жалғызсырайын, мейлi қар басып үсiп өлейiн, мейлi азынаған қысқы өңiрдiң аш қасқыры жеп кетсiн – ойыма алған дел-сал, ұйқылы-ояу қатал да қайырымсыз сапарға аттансам деймiн. Өйткенi бұл менiң кiндiк қаным тамған жерiмнiң жетiмсiреген бiр пұшпағы» – деп толғайсыз.
Осыншалықты шексiз де ұлы сезiмнiң жұдырықтай жүрекке қалай сыйғанына таңмын. Сенесiз бе, Аға?!.
Иә, расында да, асқар Алтайдай қасиеттi мекенде туып-өскен Сiздi қаншалықты шексiз бақытты десек те, Оралхандай асқақ жыршысы бар өр Алтай жерi әманда Сiзден де мың есе бақыттырақ десем қателеспеспiн.
…Бiлемiн, менi мүлдем танымайсыз. Сiз өмiрден өткенде мен небары екi-үш-ақ жыл өмiр сүрген, бар дүниеден бейхабар сәби едiм. Тiптi, 1993 жылдың 17 мамырында қазақ әдебиетi қандай талантынан айырылғанынан да хабарсыз болыппын. Жоқ, хабарсыз болған жоқпын, Сiздiң құдiретiңiздi түсiнуге әлi де сәби санамның жете қоймағандығы едi.
Бiрақ, мен бүгiнде өз қалауымды таптым, Аға! Ол – Сiз, Сiздiң жан жүрегiңiзбен жазылған тым асқақ туындыларыңыз.
Тағы да күнделiгiңiзге оралайықшы…
«ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетiнде бiр-ақ алып суреткер бар. Ол – Әуезов. Ол – теңiз болса, бiз – көлшiк. Ол – бәйтерек болса, бiз – маңайындағы балапан. Асылында, жалғыз ащы шындықты мойындағанымыз абзал. Мұхаң бiзсiз… бiр өзi болса да жалғызсырамас едi…» – деп жазыпсыз. Ұлы М.Әуезовтiң суреткерлiгiн, әлбетте, мойындаймыз, тек қана биiктердiң биiгiне қоямыз және ол дарынды ешкiммен де салыстыра алмаймыз. Десек те, мен үшiн бұл өмiрде жалғыз әрi нағыз суреткер бар болса, ол – тек Сiзсiз, аға! Әрине, айтқаным асылық болар. Бiрақ, мендiк жүректiң тiлi, мендiк жүректiң үнi осылай дейдi.

* * *

«Бала кездегi аңыз әлi есте: жыл құсы көктемде осы жолмен келедi. Жыл құсы осы жолмен қайтады. Бұл жолдың «Құс жолы» деп аталуы да содан. Жыл құсының адаспайтыны да сол өз жолы – құс жолы болғандықтан…» (С.Шаймерденов.– Н.Ж)
Иә, әркiмнiң өз жолы, өз тағдыры бар. Бұл – табиғат заңдылығы. Сiздiң алғашқы өмiрiңiз тым қысқа болғанымен, екiншi өмiрiңiздiң ғұмыры шексiз… Себебi, Сiзде туындыларыңызды жанындай қастерлейтiн, шығармашылығыңызды өзiндей сүйетiн оқымандарыңыз бар. Ең бастысы – құс жолынан да ғұмырлы, құс жолынан да ұзақ тылсым мен жұмбаққа, сұлулық пен махаббатқа толы өшпейтiн өз жолыңыз бар… АҒА!!!

Күлеміз бе, жылаймыз ба?!.

Ұлттық болмысынан ажыраған, жеті атасын білмейтін жетесіз ұл мен қыз, олардан туылған мәңгүрт ұрпақ, салт-дәстүрлерін ұмытқан келін мен күйеу бала… Барлығымыздың болмаса да, көпшілігіміздің көзіміз үйренген жайт бұл. Үйреншікті жағдайға айналғаны соншалық, қоғамдағы осы бір дерттің шипасын іздеуге тіпті талпынбайды да екенбіз. Сонда бұған кінәлі кім? Өзге ме? Жоқ, еліктегіш, жағымпаз, жалтақ, көрсеқызар тағы өзіміз… Күлеміз бе, әлде жылаймыз ба?!… Дәл осындай атаумен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында драмтург, сыншы Еркін Жуасбектің комедиясының тұсауы кесілді. Режиссері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Ахманов, қоюшы суретшісі Қабыл Халықов. Бұған дейін Астанадағы Қ.Қуанышбаев және Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы театрларда үлкен аншлагпен сахналанып келе жатқан «Үйлену» қойылымының авторы Еркін Жуасбектің бұл дүниесі басқаларынан өзгерек. Олай дейтініміз – спектакльдің негізгі өзегі етіп алынған аралас неке, ұлтсыздану мәселелері бүгінгі қоғамымымыздағы ең бір ушығып тұрған көкейкесті проблемалардың бірі. Режиссер Мұрат Ахмановтың да бұл алғашқы еңбегі емес, бұған дейін Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында «Желтоқсан желі» мен жақында ғана премьерасы болып өткен «Келіндер көтерілісі» қойылымдары да көрерменіне жол тартып, көпшіліктің ыстық ықласына бөленіп үлгерген болатын. Оқиға желісі неміс халқына күйеу бала болған ұлы мен кәрістердің келіні атанған қызының ата-анасының үйіне келе жатқаны жайлы хабар келіп, әке-шешесінің қарбалас дайындығынан басталады. Көптен күтіп жүрген балаларын көріп, қос қария көзайым болады. Алайда, бұл қуаныштары ұзаққа созылмайды. Әйелінің ырқынан шыға алмаған ынжық ұл, өз елін менсінбей, өзге елді Отанынан артық көретін байлыққұмар қыз, солардан туған ұлтты сүю деген ұлы сезімнен ада, көрсеқызар, таяз ойлы санасыз ұрпақ… Бәрі-бәрі кезінде ұлттар достығының ұйытқысы, үлгісі болғысы келіп, жат елмен жекжаттық, құдаластықты алдына мақсат қылып қойып, балаларынан да соны талап етіп, соңында дегеніне жеткен қарияның әрекетін жылдар сараптап, таразы- уақыт елегінен өткізіп, әділін саралап, салдарын алдына әкеліп ұсынғанда, өз әрекетінің олқылығын түсініп, сол қателігі қатер болып, жүрегіне қанжардай қадалады. Сондай-ақ, қойылымда ұлтсызданумен қатар, дінсіздену мәселесі де бой көтереді. Өзге діннің жетегінде кетіп, «Құдайым – Кришна, Иегова» деп сарнайтын адасқан ұрпақтың адасқан сенімі де спектакль барысында ұлт қасіретінің және бір зардабы ретінде көрініс береді. Міне, осы негізде өрбитін пьеса оқиғалары шынында да қоғамда белең алып, көкейде жүргенмен, көп қозғала бермейтін қазіргі күннің өзекті мәселесі. Спектакль, негізінен, басынан аяғына дейін терең әжуа, ащы шындыққа құрылған. Комедиядағы ашық та, астарланып та жеткізілетін оқиғалар езуге күлкі үйіре отырып, халқымыздың бүгінгі ахуалын зерделей білуге, болашағы туралы ойлануға шақырады. Ұл мен қыз, келін мен күйеу бала, немерелеріне дейін шетелдік есімді иеленген, құндылықтары да өзгерген бұл отбасы – кезіндегі кеңестік көзсіз интернационализмнің бүгінгі зардабының нақты көрінісі. Ұлттық болмысынан ажыраған ұлт қасіретін, ұрпақ тексіздігін, өз қолын өзі кесе алмай отырған ата-ананың өзегін өртеген окініштерін… қысқасы, қазақ қоғамының «заманауи» таным-түсінігін, қасіретін комедияландырып көз алдыңызға әкеледі. Тамашалайсыз. Ішек-сілеңіз қата күлесіз… Іле-шала езуіңіз сап тиылып, мұңаясыз. Дәл өмірдің өзі сияқты. Сырттай театр актерлерінің өнеріне сүйсініп, мәз болғаныңызбен, іштей нағыз өмір «актерлерінің» жігерсіздігі мен намыссыздығынан жерініп, күмілжисіз. Бейне бір кешіп жатқан бүгінгі қоғамның хал-ахуалын, сүріп жатқан шынайы өміріңіздің жай-күйін сыртынан тамашалап отырғандай әсерде болатыныңыз сөзсіз. Күнделікті күйбең тірлік қамында көзге көрініп, сезіле бермейтін пендешіл пиғылымыз бен рухани осалдығымыз дәл осы сәтте санаңызда тайға таңба басқандай тым анық көрініс береді. Сол кезде өзге емес, өзіңіз үшін ұялып төмен қарайсыз… Әсіресе, қазақ болудан қашып, өзге ұлттың атын жамылып, соны мақтан көретін кейіпкерлерді сахнаға шығару арқылы режиссер де, автор да қоғамымыздың көптеген олқылықтарын, адамдары рухани таязданып, ушығып бара жатқан замана індетін көрсете отырып, көп нәрсені ұғындырғысы келгенін аңғару қиын емес. Еліктегіш қазақтың да, ұйқышыл қазақтың да, жалқау қазақтың да, көрсеқызар қазақтың да бетпердесіз бейнелері көрінеді. Осы арқылы көрерменін, болашақ елдің тірегі жастарды ұлтымызға төніп келе жатқан үлкен қатерден сақтандырады, жамандықтан жирендіре отырып, дұрыс жолға түсудің бағытын нұсқайды. Бұл жөнінде қойылымда әлжуаз, жалқау Мэлс есімді кейіпкердің рөлін сомдаған актер Жалғас Толғанбай: «Ұйқыны жақсы көретін, әлі ұйықтап жүрген адамдар көп қой бізде. Бұл жерде менің сомдап жатқан образым, менің кейіпкерім қазақты сондай бір жағымсыз қасиеттерінен арылтып, уақытының барлығын бос ұйқымен өткізбей, халқы үшін қызмет етуге жұмсаса екен деген ниеттен туған болатын. Қазір қазақта шетелге кетіп жатқан адамдар да, өз ұлттық қалпынан, дінінен, ділінен ажырап жатқан түсінігі таяз, танымы тар бауырларымыз да жетерлік. Осы сынды олқылықтарға теңіздің бетіне тамған тамшы құрлы тосқауыл бола алсақ – біздің өнер адамы ретіндегі мысқалдай болса да міндетіміздің орындалғаны. Ал енді сахналаған образыма келсек, кейіпкерім бастан аяқ ұйқыны аңсап жүрген, өзінің жеті атасын білмейтін, қызы мен туған жиені қосылам деп жатса, «базар жоқ» деп бәріне немқұрайлы қарайтын намыссыз адам ретінде көрінеді. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда да мұндай жайттар аз кездеспейді. Сондай адамдарға, әрекеттеріне қарап тұрып, Абай атамызша айтсақ, «қайнайды қаның, ашиды жаның». Онсыз да өзіміз аз халықпыз. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың орнына, осылай сан саққа шышырауымыз қазақ деген ұлы халық үшін ұят нәрсе. Қазақ болып туылғаннан кейін, қазаққа тән болмысымызды, дәстүрімізді, қазақтығымызды сақтап, ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне үлкен мән бергеніміз жөн. Өйткені, еліміздің ертеңі – сол жастар. Спектакльді сахналау барысындағы театрдың, автордың, режиссердің, жалпы барлық ұжымның алдына қойған мақсаты – осы» – деп пікірін білдірсе, сомдаған бейнесі жөніндегі өз әсерімен немере қыз Эля бейнесіндегі Салтнат Бақаева былайша бөліседі: «Қойылымда сахналаған образым негізінен қызық әрі түсініксіз кейіпкер. Меніңше, оның осындай болып бой жеткеніне өзі кінәлі емес, оған кінәлі өскен ортасы, тәрбиелеп өсірген әке-шешесі және қоғам деп ойлаймын. Шын мәнінде, менің кейіпкерім кейпіндегі ұлттық рухы әлсіз адамдар біздің қоғамда көптеп кездеседі. «Өнер дегеніміз -өмірдің өзі» – дейді ғой. Ендеше сол өмірді неге өнер арқылы көрсетпеске? «Дос жылатып айтады». Өз олқылықтарымызды өзіміз түзеуге тырыспасақ, өзгеге оның ешбір қажеті жоқ. Ал, жастарға «еліктемеңіздер!» дегім келеді. Негізінен, қазақ халқы еліктегіш халық және оны шегіне жеткізіп орындайды. Мысалы, қазақ шет тілдерінің қайсысында сөйлемесін, акцентсіз таза сөлейді. Мұндай талантты өзге елдерден сирек кездестіреміз. Біздің еліктегіштігіміз соншалық, тіпті құйып аламыз. Ал, өзіміздің тілімізге келгенде бұрмалап, әбден сиқын кетіреміз. Көрерменіне ұсынылып отырған аталмыш комедияның негізі мақсаты да – өзгелерге еліктемей, керісінше өзіміздің қазақы қасиеттерімізді қанымызға сіңіріп, қастерлеп, ұлттық ерекшеліктерімізді көтеріп, соны мақтан тұтуға үндеу, жастар санасына ой тастау». Сахнадағы көзге қораштай көрінген кейбір оғаштау қылық, көріністерді ескермегенде, жалпы қойылымды сәтті сахналанды деп айта аламыз. Ең бастысы, қазақы намысымзды жанып, ұлттық рух биікке көтеріле алды. Әсіресе, мәселені режиссерлік тұрғыдан жан-жақты көре біліп, комедияны жаңашыл формада ұтқыр бере алуы, сахнаның үлкен астармен шебер декорациялануы да қойылымның құндылығын, көтеріліп отырған мәселенің өзектілігін, мән-маңызын одан әрі аша түскендей. Ал енді әртістер ойынына, шеберлігіне келсек, қарт ата мен апаның бейнесін сомдаған Бахтияр Қожа мен Данагүл Темірсұлтанованың, неміс келінді ойнаған Дәрия Жүсіптің, ұйқыдан басқаға бас ауыртып қарамайтын жалқау да жалтақ қазақ азматының рөліндегі Жалғас Толғанбайдың, жалпы қай-қайсысының болмасын өз образдарына тыңғылықты ізденіп, дайындалғандықтары, бүгінгі қоғамымыздың дертін бар жүректерімен сезініп, жанын сала ойнағандары көрініп тұр. Әсіресе, Айжамал бенесін нұсқалаған әртіс Шынар Жанысбекованың аузымен айтылған: «Неге біз ылғи біреуді ренжітіп алудан қорқамыз? Ал, қазақты ренжітуден неге ешкім қорықпайды?!.» деген ащы сөзі көпшілігіміздің өңменімізден өтіп, шекемізді шымырлатқыны жасырын емес. Өзгенің көңіліне қарап жалтақтайтын да, өз ұлтының ұлылығынан безіп, қазақ болудан арланатын да – өзге емес, өзіміз екенбіз… Оқиға желісі ширығып-ширығып, «Иә, расында да неге біз біреуге жалтақтап, еліктеп өмір кешуге тиіспіз?..» – деген ойға алып келеді көрерменін. Осы арқылы ұлттық болмысымызды, қазақы табиғатымызды қашанда биікте ұстау, оны жан жүрегімізбен қадірлеу қажет екендігіне тағы бір мәрте қойылым арқылы көз жеткізе түсіп, үлкен әсермен қайтатыныңыз анық. Өйткені Р.Ролланша айтсақ, өнер дегеніміздің өзі – ықшамдалып берілген өмір. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі қоғамның шындығын бейнелеуде аталмыш қойылымның да арқалаған жүгін жеңіл деп айта алмаймыз. Соған қарамастан спектакльді алға қойған үддесінен шыға алды деуімізге толықтай негіз бар. Бұл жөнінде қойылым авторы Еркін Жуасбек ағамыз: «Алғаш пьесаны жоба ретінде жазған кезде, сахнадан дәл осындай спектакль көремін деп ойлаған жоқпын. Шын мәнінде бүгінгі таңдағы, жаһандану заманындағы дініміздегі, ұлттық қасиетіміздегі алаөкпелік еріксіз осы дүниенің тууына түрткі болды. Қазақстанның үстінен де, астынан да өтіп жатқан жаңалықтардың бәрі біздің елімізге, әсіресе, жастарымызға қалай әсер етеді, қандай зиянын, қандай пайдасын тигізетінін ой елегінен өкізіп, саралаған кезде, өзіміздің ұлттық қасиетімізден ажырап қалмаймыз ба деген мәселенің болғаны рас. Тұсауы кесіліп жатқан қойылым негізінен сол мәселелер туралы жазылған пьеса болатын. Қағаз бетіне түскен ойымды театр одан әрі тереңдетіп, көз алдымызға бүгінгідей спектакль етіп әкеліп отыр. Яғни, бұл дегеніңіз автор тарапынан жасалған жобаны режиссер, актерлер шарықтау шегіне жеткізіп, көрерменіне күле отырып жылайтындай қойылым етіп өмірге келтірді деп айтуға болады. Сондықтан қайткен күнде де қазақтың қазақ болып қалатыны оның ұлттық қасиеті мен тілінде екендігін көременнің есіне тағы да бір мәрте сала алсақ, одан асқан мақсат жоқ. Сөз жоқ, менің мақсатым орындалды деп ойлаймын» – деп ағынан жарыла ой бөлісті. P.S. Автордың бұл пікірімен қарапайым көрермен ретінде біз де толықтай келісеміз. Олай дейтініміз, бүгінде қоғамда белең алып тұрған ұлтсыздану, шектен тыс еліктеушілік пен жағымпаздық сынды аса қатерлі дертіміздің үстінен дөп басқан қойлымның ұлттық болмысынан, қазақы тамырынан ажырап қалмау мәселелері алаңдататын кез келген көрерменді бей-жай қалдырмасы анық. Бәлкім, Сіз де ойланарсыз?!. Ендеше, театрда кездесейік!!!

Құрманғазы қайыр тілеп тұр далада…

Қасиет!

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра»! Жанның жүрек қылын шертіп, әуезді  әуенімен, күмбірлеген  қоңыр үнімен жаныңды бірде шаттық, бірде мұңға бөлеген қос шектің құдіретіне жетер құдірет жоқ-ау, сірә, бұл жалғанда…

Университет жанындағы біз үнемі жүретін жер асты жолынан қашан өтсек те бейтаныс ағай домбырасын қолына алып, «Сағыныш болсам, сағыныш болсам арман не? Сағынатұғын сен барда…» -деп, әуелетіп ән шырқап отыратынын жиі көретінбіз. ҚазҰУ-дің студенті атанған күннен бастап әр келіп-кеткен жолымызда ұшырасатын адамға бойымыздың үйреніп кеткені соншалық, енді ол кісі біз үшін бейтаныс болудан қалып, ең жақын танысымызға айналғандай еді… Әннің әуеніне елтіген халық  домбырашы ағайдың аяғының астындағы жәшікке үнемі иіліп, тиын тебен-тастап жатады. Олардың арасында, әрине, біз де бармыз…  Иілеміз. Бірақ, кімге? Өнерге ме, әлде жоқшылыққа ма? Қазақтың қасиетін қайыр тілеткен не? Қара домбыраны қайыршы еткен ше?

    …Нар идірген – домбыра, әлдилген – домбыра, сүйсіндірген – домбыра, күрсіндірген – домбыра, табындырған – домбыра, жеріндірген – домбыра, ғашық еткен – домбыра, қашық еткен- домбыра, лайым ұнатқан – домбырам, қайыр сұратқан  -домбырам…

Құрманғазы мен Дина, Тәттімбет пен Дәулеткерей  қайыр тілеп тұр далада…  

Қасірет…

Есімімді білмеймін…

Өмірде қазір не көп? Немесе кім көп? Абайлар, Мұхтарлар, Махамбеттер, Ахметтер, Әлихандар, Оралхандар, Қасымдар көп… Есімдерін атамай жатып шатасасыз. Сіздерді білмедім, өз басым мұндай жайттармен жиі ұшырасамын. Өйткені, менің достарымның көбісі дерлік Алашқа ардақты азаматтардың есімін иеленген. Есім деген дүниеге аса үлкен мән беретіндігімнен болар, сол достарыма да үлкен-үлкен жауапкершілік, міндет артамын. Абай, Әлихан деген жақындарымның болғаны жаныма зор мақтаныш ұялатқанымен, дәл сондай деңгейде қорқыныш та сыйлайтыны жасырын емес. Олай дейтінім, ұлы тұлғаның есімін иелену үшін соған лайықты ғұмыр да кеше білу керек, меніңше. Ата-аналар осыған, яғни есім қою мәселесіне келгенде ерекше мұқият болса екен.Әйтпесе, өз биігіне әлдеқашан көтеріліп кеткен ұлылықты бір-ақ сәтте жермен жексен ететіндер бүгінгі қоғамда мыңдап саналады…

…Өткенде телефон арқылы Оралхан деген азаматпен кездейсоқ танысып қалдым. Сүйікті қаламгерімнің есімін иеленгені үшін де алғашында әңгімелесуге, ой бөлісуге қарсылық білдірмей, қайта қызығушылық таныттым. Сондағы әңгімеміздің сиқы төмендегідей:

– Сәлем!

– Сәлеметсіз бе? Сізден бірдеңе сұрасам бола ма? Әрине, ренжімесеңіз.

– Аха

– Сіздің есіміңіз неге Оралхан? Және ол атты кім қойды?

– Ұнамай ма?

– Керісінше, ең әдемі есім!

– Қой-ей, көңіл үшін айтатындарды ұнатпаймын. Үйдегілер қойған, не үшін білмедім…

– Мен есімге үлкен мән беретін адаммын. Расында, әдемі есім! Үйдегілерден сұрай аласыз ба, мүмкін болса…

– Бір қайтып келген соң, қайтып оралады деп қойған-ау, шамасы. Мен солай ойлаймын, басқасын білмедім.

– Сіз екінші рет қайдан оралу керек едіңіз?

– Арғы дүниеден.

– Ммм, солай ма? Ал, мен ол есімді белгілі жазушы Оралхан Бөкейдің құрметіне қойылған екен деп ойласам… Сіз сол қаламгермен таныс па едіңіз?

– Естігем, ондай ақынды!

– А, сіздер жақта ол ақын ба? Біздер ол кісіні жазушы деп жүрсек…

– Мен солай ойлаймын. Ақын-жазушы деп те ажыратпаймын. Оларда еш айырма жоқ.

– …Өкінішті. Сау болып тұрыңыз!

Дедім! Дедім де, телефонымды дереу өшіріп тастадым. Өйткені, одан әрі ұлы тұлғаны қорлатуға шыдамым жетпеді. Қоюын қойсам да, көкірегімдегі булыққан ашудан арылып, тез арада сабама түсе алмадым. Жанымды қоярға жер таппай, терезеге беттегенімде, тыстағы орындықта қос қария соғыстырып қойып «ақаңнан» сілтеп отырды. Жырымы шыққан және бір жан қоқыс аралап, өзегін жалғап жүрген. Қызық, олардың есімі кім екен?!.